Теміртау қаласының Қоғамдық кеңес туралы ереже

Теміртау қаласының Қоғамдық кеңес туралы ереже

МАЗМҰНЫ

1. Жалпыер ежелер

2. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі

3. Жұмыс тобының өкілеттіктері

4. Жұмыс тобының отырыстарын дайындау және өткізу

5. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру тәртібі

6. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттарға қойылатын
талаптар

7. Қоғамдық кеңестің ұйымдық құрылымы және оның
төралқасының өкілеттіктері

8. Қоғамдық кеңес төрағасы мен хатшысының
өкілеттіктері

9. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру

10. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату

11. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату

 

1. Жалпыер ежелер

1. Осы Теміртау қаласының Қоғамдық кеңес туралы Ереже (бұдан әрі – Ереже) 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы «Қоғамдық кеңестер туралы»  Заңы 8-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді.

 

2. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі

2. Қоғамдық кеңестерді мемлекеттік органдардың өкілдерінен және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, азаматтардан тұратын жұмыс тобы (бұдан әрі – жұмыс тобы) қалыптастырады.

3. Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бір бөлігінен аспауы тиіс. Аталған өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы өзі дербес айқындайды. Бұл кезде мемлекеттік органның басшысы Қоғамдық кеңесте қаралатын мәселелердің басымдығына сүйенуге тиіс.

4. Жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігін құрайды және коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

5. Жұмыс тобының сандық құрамын - жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органның басшысы айқындайды.

6. Жергілікті өкілді орган жұмыс тобының мүшелерін сайлау туралы конкурсты өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) интернет-ресурсында орналастырады.

7. Коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және азаматтар конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін 10 күн мерзімдежергілікті өкілді органға жазбаша түрде жұмыс тобына кандидатуралар бойынша  ұсыныстарын жібереді.

Өзінің ұсыныстарын жіберген әрбір коммерциялық емес ұйым және әрбір азамат бір ғана кандидат ұсына алады.

8. Азаматтық қоғамнан жұмыс тобына кандидаттарға келесі талаптар қойылады:

1) Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, Теміртау қаласының шегінде тұратын азаматы жұмыс тобының құрамына кандидат бола алады.   

2) Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат: сотталғандығы болмауы, сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танымаған болуға, психикалық ауруға, алкоголизмге, нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрмауға тиіс.

9. Жергілікті өкілді орган конкурс мерзімі аяқталған соң  келіп түскен ұсыныстардың негізінде жұмыс тобына кандидаттар тізімін әзірлейді және екі апта мерзімде  жұмыс тобына кандидаттарды, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтарды шақыра отырып отырыс ұйымдастырады.

10. Жергілікті өкілді органның басшысы (бұдан әрі – жұмыс тобының басшысы) отырысты ашады және жүргізеді.

11. Отырыста коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар ұсынған кандидатураларды талқылау жүргізіледі. Кандидатураларды талқылау қорытындысы бойынша ашық дауыс беру жүргізіледі. Отырысқа келмеген кандидатуралар бойынша дауыс беру жүргізілмейді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар жеңімпаз болып табылады. Тең дауыс санын жинаған кандидатуралар бойынша жұмыс тобы басшысының даусы шешуші болып есептеледі.

12. Жұмыс тобының құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекітіледі. Жұмыс тобының басшысы оның мүшелері қатарынан хатшыны тағайындайды.

13. Жұмыс тобының құрамы жергілікті өкілді органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.

 

3. Жұмыс тобының өкілеттіктері

14.Жұмыс тобы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1) тұрғындарды Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабардар етеді;

2) Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын айқындайды;

3) Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау рәсімін өткізеді;

4) Қоғамдық кеңес туралы ереже жобасын әзірлейді.

 

4. Жұмыс тобының отырыстарын дайындау және өткізу

15. Жұмыс тобының отырыстары өткізілгенге дейін кемінде бес жұмыс күні қалғанда хатшы жұмыс тобының мүшелерін оның өткізілу уақыты, орны, талқыланатын мәселелер туралы құлақтандырады.

16. Жұмыс тобының отырысы оның тізімдік құрамының үштен екісі қатысқан кезде заңды болып табылады.

17. Жұмыс тобының отырыстарын жұмыс тобының басшысы жүргізеді.

18. Жұмыс тобының отырыстарында шешімдер ашық дауыс беру жолымен қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауыс беруі арқылы қабылданады.

19. Жұмыс тобының отырыстарында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды.

20.  Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарламаныжергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында оның атауын, пошталық мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық пошта мекенжайын көрсете отырып және Қазақтсан Республикасы 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы 10-бабының 2-тармағына сәйкес өзге де мәліметтерді жариялайды.

21.  Жұмыс тобы отырыстарда Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар конкурсына қатысу үшін келіп түскен құжаттарды талқылауды және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді.

22. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының басшысы ашады, ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқаның бүкіл құрамы сайланады.

23. Қоғамдық кеңес төрағасы, хатшысы, төралқасы сайланған соң жұмыс тобының және оның төрағасының өкілеттіктері тоқтатылады.

 

5. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру тәртібі

24. Қоғамдық кеңестерді қалыптастыру тәртібі, Қазақтсан Республикасы 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңымен қарастырылған.

25. Жұмыс тобы қоғамдық кеңестерді мемлекеттік органдардың өкілдері және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар арасынан қалыптастырады.

Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде өзін-өзі ұсынуы мүмкін.

26. Қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс.

27. Қоғамдық кеңес өкілеттіктерінің мерзімі үш жылды құрайды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің санының құрамын жұмыс тобы айқындайды.

28. Жұмыс тобы конкурс туралы хабарландыруды мемлекеттік органның атауын, пошта мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін Қазақтсан Республикасы 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы 10-бабына сәйкес құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық поштаның мекенжайын көрсете отырып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады.

29. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске бір ғана өкіл сайлана алады.

30. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамы мемлекеттік органның шешімімен немесе жергілікті өкілді органның шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.

 

6. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттарға қойылатын
талаптар

31. Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, Теміртау қаласының шегінде тұратын азаматы Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат бола алады.

Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат:

1) сотталғандығы болмауы;

2) сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс

және (немесе) құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танымаған болуға;

3) психикалық ауруға, алкоголизмге, нашақорлыққа немесе

уытқұмарлыққа байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрмауға тиіс.

32. Конкурсқа қатысу үшін:

1) кандидатураны Қоғамдық кеңестің құрамына ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың өтініші;

2) кандидаттың өмірбаян деректерін көрсете отырып, кәсіптік және

(немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер ұсынылады.

33. Осы Ереженің 31-тармағында белгіленген талаптарға сай келмейтін кандидаттар қоғамдық кеңестерге сайлану үшін конкурсқа жіберілмейді.

 

7. Қоғамдық кеңестің ұйымдық құрылымы және оның
төралқасының өкілеттіктері

34. Отырыс Қоғамдық кеңестің жоғары органы болып табылады.
         35. Қоғамдық кеңес қызметіне басшылықты жүзеге асыру үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңес төралқасы сайланады. Төралқаның құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы, қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған мемлекеттік органның басшысы, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді.

36. Төралқаның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің

депутаттары кіре алады және Қоғамдық кеңестің қызметіне қатыса алады.

37.Қоғамдық кеңестің төралқасы:

1) Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді;

2) Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты ұйымдастырады;

3) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді.

 

8. Қоғамдық кеңес төрағасы мен хатшысының
өкілеттіктері

38. Қоғамдық кеңестің төрағасы:

1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

2) отырыстарда төрағалық етеді;

3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;

4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;

5) мемлекеттік басқару органының отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;

6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.

39. Қоғамдық кеңестің хатшысы:

1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің

ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді,

сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.

 

9. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру

40. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ашады.

Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасының бүкіл құрамы сайланады.

41. Қоғамдық кеңестер жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.

Қажет болған жағдайларда Қоғамдық кеңестің отырысына оның шешімімен мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін.

42. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады.

Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ шешімдер қабылдау тәртібі Қоғамдық кеңес туралы ережеде айқындалады.
Отырыстар өткізудің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңестің шешімімен айқындалады.

43. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған тиісті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

 

10. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату

44. Қоғамдық кеңес халықты:

1) азаматтық қоғаммен және мемлекеттік органдармен өзінің іс-қимыл жасау нәтижелері;

2) Қоғамдық кеңестің құрамы, оның мүшелерін ротациялау;

3) отырыстардың күн тәртібі;

4) қабылданған шешімдер;

5) қоғамдық маңызы бар басқа да мәселелер туралы хабардар етеді.

45. Ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және (немесе) тиісті интернет-ресурстарда орналастырылады.

 

11. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату

46. Қоғамдық кеңестің мүшесі жазбаша түрде өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.

47. Қоғамдық кеңестің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы»  Заңымен көзделген өзге де негіздер бойынша Қоғамдық кеңестің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.

48. Қоғамдық кеңес шығып қалған мүшесінің орнына оның өкілеттіктерінің қалған мерзіміне Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы»  Заңына сәйкес конкурс нәтижелері бойынша немесе мемлекеттік органның шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамына жаңа мүшесін қосу туралы шешім қабылдайды.

Адрес

г. Темиртау, Бульвар
Независимости, 12

Телефон

+7 (7213) 92-33-24