Жаңалықтар

17.08.2022
БЖЗҚ өзінің ресми сайты мен мобильді қосымшасындағы зейнетақы калькуляторын жаңартты

Болжамды зейнетақы калькуляторы болашақ зейнетақыны жоспарлау құралы болып табылады және пайдаланушыға барлық зейнетақы төлемдерінің болжалды мөлшерін, соның ішінде:

  • мемлекеттік бюджет (базалық зейнетақы және ортақ (еңбек) зейнетақы);
  • БЖЗҚ-ға жұмыскерлердің табысынан төленетін 10% міндетті зейнетақы жарналары;
  • 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары. Оны жұмыс беруші БЖЗҚ-ға еңбек жағдайы қауіпті, зиянды жұмыспен айналысатын жұмыскерлердің пайдасына аударады; 
  • ерікті зейнетақы жарналарын қоса алғанда есептеуге мүмкіндік береді.

БЖЗҚ зейнетақы калькуляторы салымшылар үшін жаңа функциялармен толықтырылды.

Біріншіден, зейнетақы калькуляторы жинақтарды алу жоспарланған жағдайда зейнетақы төлемдерін есептеуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы өздігінен келесі тетіктерді таңдай алады:

- зейнетақы жинақтарын алатын жылы және қалаған сомасы,

- алынған сомадан  жеке табыс салығын (ЖТС) бір рет ұстап қалу (толық көлемде, БЖЗҚ-дан жинақтарды алу кезінде) немесе ай сайын (БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу кезінде тең үлестермен). 

Екіншіден, калькуляторға заңнамада көзделген түзету коэффициентін ескере отырып, қауіпті және зиянды өндірістерде кемінде 60 ай жұмыс істеген қызметкерлер үшін БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерді көтермелеу есебі қосылды.

Үшіншіден, калькулятор зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аударған жағдайда зейнетақы төлемдерінің қозғалысын көруге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, зейнетақыны есептеу үшін «Негізгі деректер» блогындағы қажетті өрістерді – туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақ сомасы және т.б. деректерді толтыру қажет. Егер enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте алдын ала тіркелген болсаңыз, калькулятордағы негізгі өрістер автоматты түрде толтырылады.

Нәтижелер «Сіздің зейнетақыңыздың болжамы» блогында көрсетіледі және зейнетке шығу жасы мен күнін, жинақтар таусылғанға дейінгі жылдар санын (БЖЗҚ-дан төлемдер алған жағдайда), зейнетке шығу сәтіндегі жалақының болжамды мөлшерін және табысты болжамды зейнетақыға ауыстыру коэффициентін, сондай-ақ, кесте және таблица түрінде көрсетілген жылдар бойынша болжамды зейнетақының өзгеру үдерісін  қамтиды.

Зиянды және қауіпті кәсіптердің қызметкерлері үшін түзету коэффициентін арттыру ескерілген. Егер зейнет жасына жетуге жинақталған зейнетақы қаражатының болжамды сомасы сақтандыру ұйымында өмір бойғы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жеткілікті болса, калькулятор зейнетақымен қамсыздандырудың осындай түрі – аннуитеттік төлемдерді есептеуді ұсынады.

Табыстылық деңгейі бойынша болжамдардың өзгеруін ескере отырып, пайдаланушыға зейнетақы төлемдерінің ықтимал нұсқаларын көрсету үшін нәтижелер пессимистік, шынайы және оптимистік деп аталатын үш сценарийде беріледі. Бұл ретте, әрбір сценарий шеңберінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігі инвестициялық портфельді басқаратын компаниялардың басқаруына аударылған жағдайда зейнетақы төлемдерінің серпінін көруге болады.

Осылайша, пайдаланушы өзінің болашақ зейнетақысының шамасын бағалап, өзіне ыңғайлы зейнетақыны таңдай алады: тұрғын үйге және (немесе) емделуге зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуды есепке ала отырып және есепке алмай, зейнетақы жинақтарын ИПБ таңдау арқылы инвестициялаған жағдайда, сондай-ақ, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда зейнетақының қандай болатынын біле алады.

Зейнетақыны есептеу нәтижелері кепілдендірілген төлем емес, болжам болып табылады. Әрбір салымшының болашақ зейнетақысының мөлшері оның зейнетақы жинақтарына байланысты екенін ескеру қажет. Жинақтардың көлеміне ең алдымен, зейнетақы жарналарының мөлшері, оларды төлеудің жүйелілігі мен толықтығы, сондай-ақ, инвестициялық табыстылық әсер етеді. Болжамды зейнетақы калькуляторының барлық есептік нәтижелері нақты құндық мәнде ұсынылады (яғни, болжамның тиісті кезеңіндегі инфляцияның әсері ескеріледі).

Тақырып бойынша бейнематериалдар:

https://www.youtube.com/watch?v=42pYCkOQicM

https://www.youtube.com/watch?v=ZDB8ojZUluE

 


Вернуться назад

Адрес

г. Темиртау, Бульвар
Независимости, 12

Телефон

+7 (7213) 92-33-24