Жаңалықтар

21.07.2021
БЖЗҚ-ның 5 сұрақ айдары өзекті сұрақтарға жауап береді

1) Мен бір ай бұрын зейнетақы жинақтарымның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін, дәлірек айтқанда тұрғын үй сатып алу үшін аудардым. Алайда, мен әлі де қолайлы пәтер таппадым. Уәкілетті операторда ақша қанша уақыт сақталады? Менде әлі уақыт бар ма?

   Салымшылардың назарын БЖЗҚ-дан сұратылған зейнетақы жинақтарының сомасы уәкілетті оператордағы арнайы шотқа аударылғаннан кейін бұл сома инвестициялық басқарудан алынатынына, демек, оған инвестициялық табыс есептелмейтініне аударғымыз келеді.

Бұдан басқа, арнайы шотқа аударылған зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейін ескере отырып, олардың сақталуы бойынша мемлекеттің заңда көзделген кепілдігі қолданылмайды. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларынан салымшы таңдаған және оның өтінішінде көрсетілген тәсілге сәйкес жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және ұстап қалу жүргізіледі.

Өз жинақтарыңыздың тиімсіз пайдаланылуын, инвестициялық табыстан және мемлекет кепілдігінен айрылудың, сондай-ақ ЖТС-тың мерзімінен бұрын есептелуін болдырмау үшін салымшыларға (алушыларға) біржолғы зейнетақы төлемдерін жауапкершілікпен және мұқият жоспарлауды және сатып алатын тұрғын үйді алдын ала таңдауға кеңес береміз. Өтінім бергенге дейін зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшін қажетті құжаттардың тізімін мұқият зерделеп, оларды уәкілетті операторға уақытылы ұсынуды қамтамасыз еткен жөн.

Азаматтардың зейнетақы жинақтары уәкілетті оператордың («Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) арнайы шоттарында олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде болуы мүмкін екенін еске саламыз. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс.

Осыған байланысты, Сізге ыңғайлы тұрғын үй іздеуге тағы 15 күндей уақыт бар. Егер осы мерзім ішінде көңіліңізден шығатын үй таппасаңыз, ақша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотыңызға қайтарылады. Алайда, өзіңіз қалаған тұрғын үйді тапқан кезде сіз біржолғы зейнетақы төлемін алуға жаңа өтініш бере аласыз.

 

2) Шамамен үш жыл бұрын мен ресми жұмысқа тұрдым, онда бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін жұмыстан кетуге тура келді. Осыдан кейін менің ресми жұмысым болмады, сондықтан БЖЗҚ-ға ешқандай аударымдар жасаған жоқпын, енді Қордағы менің аздаған жинағым «күйіп кетуі» мүмкін бе, соны білгім келеді?

 

Сіздің зейнетақы жинақтарыңыз олардың сомасына қарамастан сіздің меншігіңіз болып табылады және сіздің жеке зейнетақы шотыңызда зейнеткерлік жасқа толғаныңызға дейін немесе оларды төлеу үшін өзге де негіздер туындағанға дейін сақталады. Жеке зейнетақы шоттарындағы ақша БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталатынын және оның нақты қолданылу мерзімі жоқ екенін есте ұстаған жөн. Сонымен қатар, оларға үнемі инвестициялық табыс есептеледі. Ол шоттағы қаражатқа апта сайын, олар таусылғанға дейін есептеледі, яғни сіз зейнеткерлікке шығып, төлемдерді ала бастасаңыз да, қалған жинақтарға инвестициялық кіріс есептелуін жалғастыра береді.

Сондай-ақ мемлекет алушының зейнетақы төлемдерін алуға құқығы туындаған кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген қаражаты мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беретінін атап өткіміз келеді («Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабы).

 

3) Мобильді қосымшаға кіре алмаймын, өз деректемелеріме өзгерістер енгізейін деген едім, өйткені телефон нөмірін ауыстырғым келеді?

БЖЗҚ ұялы қосымшасына және enpf.kz сайтындағы «Жеке кабинетке» кірген кезде салымшыларымыздың жеке ақпаратының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қор базасында тіркелген телефон нөміріне SMS-код жіберіледі.

Егер Сіз бұған дейін көрсетілген нөміріңізді өзгерткіңіз келсе, онда жеке мәліметтеріңізге өзгерістер енгізу және жаңарту бойынша төмендегі әдістерді пайдалана аласыз:

1) enpf.kz сайтындағы «Электрондық сервистер» бөлімінен «Деректемелерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу» шағын бөлімін таңдаңыз, параққа электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен кіріңіз;

2) БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесі арқылы;

3) «Қазпошта» АҚ мен «БЖЗҚ» АҚ-ның ұлттық пошта операторының 300-ден астам қызмет көрсету нүктесінде ұсынылатын қызметтер бойынша бірлескен жобасын пайдалану. Осы қызметтерді алуға болатын пошта бөлімшелерінің мекенжайларын Қордың https://www.enpf.kz/ru/services/kazpost/index.php сайтынан алуға болады.

enpf.kz сайтында сіз өзіңіздің деректемелеріңізге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп қана қоймай, жеке зейнетақы шотыңыздың бар екендігі туралы анықтама алып, ЖЗШ-дан үзінді көшірме қалыптастырсаңыз болады, өзіңізді қызықтыратын мәселе бойынша өтініш жолдап, «Мобильді кеңсенің» баруына, кері қоңырау шалуға тапсырыс бере аласыз, «Зейнетақы калькуляторының» көмегімен болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептей аласыз. Сондай-ақ ол арқылы шоттың жай-күйін бақылауға, зейнетақы жүйесіндегі барлық өзгерістер туралы білуге, БЖЗҚ-ның жақын жердегі кеңсесінің орналасқан жерін көруге, тіпті байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.

Сондай-ақ БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы сайт және мобильді қосымша арқылы жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйді жақсарту немесе емделу үшін пайдалану құқығын іске асыруға немесе инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға аударуға жеткіліктілігі туралы біле алады.

 

4) Қайырлы күн! Мен міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімше өзім үшін аудара аламын ба?

 

Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес салымшылар міндетті зейнетақы жарналарын салымшының агенті (жұмыс беруші) аудару жолымен төлеуге тиіс. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан бұрын – ЗТМО) міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) өз пайдасына аудару арқылы мына жеке тұлғалар ғана төлей алады:

- жеке кәсіпкерлер;

- жеке нотариустар;

- жеке сот орындаушылары;

- адвокаттар;

- кәсіби медиаторлар;

-азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.

Осылайша, егер сіз жоғарыда аталған тұлғалар санатына жатпасаңыз, онда МЗЖ есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотын өз бетіңізше толтыру мүмкін емес.

Болашақта неғұрлым жоғары зейнетақы төлемдерін алу үшін Сіз МЗЖ-мен қатар қазірдің өзінде өз пайдаңызға ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) төлей аласыз. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына енгізе алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді.

ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі. Бұдан басқа, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

Бұдан басқа, ЕЗЖ-ға МЗЖ сияқты инвестициялық табыс есептеледі, ол сіздің жинақтарыңызды айтарлықтай ұлғайтуы мүмкін.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы да негіз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) Қордың кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ-лар жарналарды онлайн режимінде (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі тағы бар, оның негізінде жұмыс беруші БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.  

Сонымен қатар, егер сіздің тұрақты табысыңыз болмаса және сәйкесінше жеке зейнетақы шотыңызды үнемі толтырмайтын болсаңыз, онда сіз өз пайдаңызға бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлей аласыз. Ол бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың қызметін салық органдарында тіркеудің оңайлатылған тәртібін көздейді.

Ол төлемнің төрт міндетті түрін қамтиды:

жеке табыс салығы (ЖТС);

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;

БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері;

Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

БЖТ мөлшері:

  • 1 АЕК – республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін (2021 жылы 2 917 теңге);
  • 0,5 АЕК – басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін (2021 жылы 1 458,5 теңге).

 

 

5) Осы айда өткен айлар үшін БЖТ төлей аламын ба және оны қалай жасауға болады?

БЖТ жалпы сомамен төленуі тиіс. БЖТ-ны азаматтар қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәсілмен банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының талаптарын ескере отырып, Мемлекеттік корпорацияның банк шотына енгізу арқылы төлейді.

БЖТ төлеуді төлем жасаушылар дербес немесе үшінші тұлға олардың пайдасына  күнтізбелік жылдың БЖТ төленуі тиіс айын «ААЖЖЖЖ» форматында көрсете отырып жүзеге асырады. 

Бұл ретте БЖТ күнтізбелік жылдың ағымдағы және келесі айлары үшін төленуі мүмкін. Өткен айлар үшін БЖТ төлеуге болмайды.

БЖТ мөлшері:

  • 1 АЕК – республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін (2021 жылы 2 917 теңге);
  • 0,5 АЕК – басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін (2021 жылы 1 458,5 теңге).

БЖТ төлемнің төрт міндетті түрін қамтиды:

  • БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары (БЖТ-ның жалпы сомасының 30%);
  • жеке табыс салығы (БЖТ-ның жалпы сомасынан 10%);
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар (БЖТ-ның 20%);
  • Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар (БЖТ-ның 40%). 


Вернуться назад

Адрес

г. Темиртау, Бульвар
Независимости, 12

Телефон

+7 (7213) 92-33-24