Жаңалықтар

02.09.2020
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі кезеңіндегі таза инвестициялық табыс 5 триллион теңгеден асты

2020 жылдың 1 тамызына қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,1 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. 01.08.2019 жылдан бастап 01.08.2020 жылға дейінгі бір жыл ішінде зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 1,9  триллион теңгеге немесе 19% өсті. Бәрімізге белгілі, бұл сомаға зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс кіреді.  

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 тамызына дейін БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 752,98 млрд теңге мөлшеріндегі таза инвестициялық табыс есептелді, ол өткен 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 389,77 млрд теңгеге артық.  

Жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын сенімгерлікпен басқарушы Қазақстан Республикасының  Ұлттық банкі (ҚР ҰБ) түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне және БЖЗҚ инвестициялық декларациясына сәйкес инвестициялау лимиттеріне  сай инвестициялайды.

Тәуекелдерді азайту мақсатында қаржы құралдары инвестициялаудың түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, соңғысының басым бөлігі – АҚШ долларымен номиналданады.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады.

Инвестициялық кіріс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша алынған табыстар және т. б. кіреді. Инвестициялық табыс – тұрақсыз шама, сол себепті ол қысқа мерзімдік кезеңде оң немесе теріс  болуы мүмкін.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңде талдаған дұрыс екендігіне назар аударамыз. Қысқа мерзімді деректер (күн сайынғы, ай сайынғы және т. б.) – көрсеткіш бола алмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайдың өзгеруіне тәуелді.

2013 жылдың қыркүйек айынан бастап 2020 жылдың тамыз айына дейін зейнетақы активтерін басқару кезеңінде Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 33%  астамын немесе  4,0 трлн теңгені құрады.

Қазақстанда 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген күннен бастап 2020 жылдың 1 тамызына дейінгі кезең ішіндегі таза инвестициялық табыс 5 трлн теңгеден асып түскенін атап өткен жөн. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі жүмыс істеген кезеңдегі инвестициялық табыстың біртіндеп өсу нәтижесі – 577%. Бұл реттегі инфляцияның біртіндеп өсу нәтижесі – 479,4%. Осылайша зейнетақы активтерінің 2020 жылдың 1 тамызындағы нақты табыстылығы 97,6 % құрады.   

Инвестициялық басқару және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі айқын, әрі ашық жүргізіледі: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеті немесе ұялы қосымша арқылы бақылап отыру мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпаратты да ала алады, ол БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде тұрақты жарияланып отырады.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).


Вернуться назад

Адрес

г. Темиртау, Бульвар
Независимости, 12

Телефон

+7 (7213) 92-33-24