Жаңалықтар

12.08.2020
Зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігі инфляциядан 14 пайызға артық

Зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 2014 жылдан бастап 2020 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңде жинақталған инфляция 64% болған кезде 78%-ды құрады. Осылайша, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарушы ретінде қамтамасыз еткен нақты кірістілік 14% болды. Осы кезеңдегі инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 30%-дан астамын немесе 3,8 трлн теңгені құрады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы 12 триллион теңгеге жуықтады. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс кіретіні бәрімізге белгілі. 

Жеке зейнетақы шоттарына түсетін және есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.  

Тәуекелдерді азайту мақсатында қаржы құралдары инвестициялаудың түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, соңғысының басым бөлігі – АҚШ долларымен номиналданады.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады.

Инвестициялық кіріс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша алынған табыстар және т. б. кіреді.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 2020 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін салымшылардың шоттарына 543,3 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есепке алынды. Есептелген кірістің 69%-ын қаржы құралдары бойынша сыйақы түріндегі кіріс құрады, табыстың 29%-ы құралдарды валюталық қайта бағалаудан түсті, қалған кіріс нарықтық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы өзге активтер мен активтерді қайта бағалау нәтижесінде алынды.

 2020 жылғы наурыздан бастап зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына АҚШ долларына қатысты теңге бағамының өзгеруі үлкен әсер етті. Наурыз айында таза инвестициялық кіріс 521,8 млрд теңгені құрады. Содан кейін, сәуірден бастап Ұлттық валюта бағамының нығаюы байқалды, бұл алдыңғы өсіммен салыстырғанда теріс қайта бағалауға себеп болды. Алайда, маусым айында зейнетақы активтері бойынша таза инвестициялық кірістің 44,05 млрд теңгеге өсуі байқалды.

Сонымен бірге, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл ішінде талдау орынды екеніне назар аударамыз. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) – көрсеткіш бола алмайды, себебі олар күнделікті нарықтық конъюнктураға тәуелді.

Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинеттен көру мүмкіндігіне ие, сонымен қатар, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпаратты да ала алады. Мұндай ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).


Вернуться назад

Адрес

г. Темиртау, Бульвар
Независимости, 12

Телефон

+7 (7213) 92-33-24