Жаңалықтар

19.05.2020
Зейнетақы жинақтарымыздың жағдайы қандай?

Сұрақты риторикалық деп айтуға келмейді. Әсіресе, COVID-19 короновирусына, валюта курсының, мұнай бағасының құбылуы және басқа да факторларға байланысты қаржы нарығында орын алған тұрақсыздық инвестициялық табыстың өзгеруіне әкеп соққан, карантин режиміне орай табысынан айырылу бойынша 42 500 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік жәрдемақы алу мәселесі қайнап тұрған тұста, тіпті  бұл қаржы «БЖЗҚ-дан алынып жатыр екен» деген де пікірлер тарап кетті. Сәуір айының соңында «БЖЗҚ» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Жанат Құрманов жағдайды түсіндіру мақсатында БАҚ-та сұхбат берді.   

Бүгін біз оқырмандардың назарын азаматтарымыздың зейнетақы жинақтарына қатысты ең маңызды мәселелерге аударғымыз келеді.

Біріншіден: зейнетақы жинақтары – салымшының меншігі, оның сақталуына мемлекет кепілдік береді. Оған салымшының еркінен тыс ешкім билік жүргізе алмайды, яғни үшінші тұлғаларға немесе мақсатқа сай келмейтін басқа да төлемдер жасай алмайды.

Екіншіден: жинақтар үздіксіз инвестицияланады, яғни олар «тұрған жоқ», салымшыға «жұмыс істеуде». ҚР Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін инвестициялайды. Инвестициялаудың басты қағидаты - бұл олардың сақталуы, яғни қандай да бір себептермен оларды жоғалту тәуекелін азайту. Зейнетақы жинақтары тұрақты пайда әкеліп, қамсыз қарттықты қамтамасыз ету үшін көбейіп отыруы тиіс.

Үшіншіден: барлық зейнетақы жинақтарының басым бөлігі әрбір салымшының шотына күнделікті есептелетін инвестициялық табыстан тұрады және кез келген салымшы БЖЗҚ ұялы қосымшасы немесе БЖЗҚ сайтындағы өзінің жеке кабинеті арқылы өз жинақтарын «24/7» режимінде бақылай алады.

Енді осының бәріне толығырақ тоқталып өтсек.

Салымшылардың зейнетақы активтері жан-жақты бақылауда және олардың сақталуына мемлекет кепілдік береді. Бұл біздің азаматтарымыздың қарттыққа жинаған ақшасы. Оны тек заңмен белгіленген шарттарда ғана алуға болады.

Барлық мемлекеттік жәрдемақылар мемлекет бюджетінен немесе Үкіметтің бюджеттен тыс қорларынан төленеді, ал БЖЗҚ-дағы қаражатқа олардың қатысы жоқ. Бұл салымшылардың жеке ақшасы.

«БЖЗҚ» акционерлік қоғамының өзі зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жинау, өңдеу, есепке алу және есептеу, халыққа зейнетақы қызметтерін көрсету жөніндегі уәкілетті оператор болып табылады. Ал зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Ұлттық банк жүзеге асырады.

Зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына зейнетақы жинақтарының инфляциядан сақталуын және табыс мөлшерінің инфляциядан жоғары болуын қамтамасыз ету мақсатында инвестицияланады.

Инвестициялау үшін қаржы құралдарын таңдау кезінде Ұлттық банк тәуекел-табыстылық қатынасындағы ең жоғары теңгерімділікке ұмтылады. Егер қаржы нарығындағы жағдай өзгерсе және жекелеген инвестициялық құралдар бойынша табыстылық төмендесе, онда бұл басқа құралдар бойынша табыстылықпен өтеледі.

Әрбір салымшының БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) бар, оған  барлық келіп түсетін зейнетақы жарналары, сондай-ақ заңнамада белгіленген комиссиялық сыйақы шегерілгенде алынған инвестициялық табысы есепке алынады. Комиссиялық сыйақы 2020 жылы алынған инвестициялық табыстың 2,0 пайызын және зейнетақы активтерінің айына 0,011 пайызын құрайды. Бұл заңда белгіленген нормалардан тиісінше 3,7 есе және 2,3 есе төмен.

Зейнетақы жинақтары Қазақстан ішінде де, халықаралық нарықтарда да, әртүрлі елдердің активтері мен валюталарына инвестицияланғанына қарамастан БЖЗҚ әр күннің қорытындысы бойынша азаматтардың жинақтарын қайта бағалауды жүзеге асырады. Инвестициялық кіріс салымшыға күн сайын есептеледі және әр күннің қорытындысын күнделікті көріп отыруға болады. Тіпті адам БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алып жүрген болса да, оның жинақтарына инвестициялық кірістің есептелуі жалғаса береді. Ол әрбір салымшының жинақ сомасына және салымшылардың ақшалары инвестицияланған қаржы құралдарының кірістілігіне байланысты. Басқаша айтқанда, инвестициялық табыс күн сайын салымшылардың шоттарына олардың жинақтарына сай бөлінеді.

Инвестициялық табысты есептеу қалай жүргізіледі? Алдымен БЖЗҚ әр күнге есептейтін зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің (ШБ) ағымдағы құнына байланысты болатындығынан бастайық. Әр салымшының жеке зейнетақы жинақтары теңгемен және ШБ санымен есептеледі.

Салымшының ЖЗШ-сындағы ШБ саны оның шотына зейнетақы жарналары аударылған сайын түскен жарна сомасын ШБ-ның ағымдағы құнына бөлу жолымен есептеледі. Нақты мысалмен қарастырайық. Мәселен, Сіздің ЖЗШ-ға 10 000 теңге зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. ШБ құны 2020 жылдың 01 наурызында, мысалы 806,3948806 деп алсақ, сіздің ЖЗШ-ға есептелетін ШБ саны 10 000 теңге / 806,3948806= 12,4008724 құрайды.

Зейнетақы жинақтарын басқа күнге, мысалы, 2020 жылдың 01 мамырына алынған инвестициялық табысты ескере отырып есептейтін болсақ,  шартты белгінің ағымдағы жаңа құны есептелетін болады, мысалы, 835,2253117. Сіздің ЖЗШ-ға есептелген ШБ саны ағымдағы жаңа құны бойынша мынадай сипатта қайта бағалануы тиіс: 12,4008724 * 835,2253117 = 10 357,52 теңге.

Осылайша, Сіздің зейнетақы жинағыңыз 2020 жылдың 01 мамырында 10 357,52 теңгені құрады, бұл ретте біз мысалға алып отырған зейнетақы  жинағы 10 000 теңге мөлшеріндегі зейнетақы жарнасынан және  357,52 теңге инвестициялық табыстан тұрады. Жинақтардың ұлғаюы ШБ құнының өсуінен көрініс тапқан инвестициялық табыстың есептелуіне байланысты.

          ШБ құны БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтындағы басты бетте күн сайын жаңартылып отырады

Осылайша, әр салымшының зейнетақы жинақтарының мөлшері зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысқа, сондай-ақ жарналардың уақытылы және тұрақты кезеңділікпен түсуіне тәуелді. Сондықтан ЖЗШ-ға жарналардың тұрақты және толық көлемде түсуі маңызды.

Инвестициялық қызмет нәтижесінде және шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері күн сайын өзгеруі мүмкін. Сол үшін де инвестициялық басқаруды инвестиция салынғаннан кейін ұзақ мерзім (кемінде бір жыл) өткізіп барып және ұзақ мерзімді перспективада бағалаған жөн.

Мәселен, өткен 2019 жылы БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 641,8 млрд теңге, табыстылық 6,57%, ал инфляция 5,4% болды. Осылайша зейнетақы активтерінің таза  кірістілігі оң (инфляциядан жоғары) нәтиже берді.

2020 жылдың басынан бастап 01 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына 536 млрд теңгеден астам инвестициялық табыс есептелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен (154,9 млрд. теңге) салыстырғанда  381,1 млрд теңгеге артық. Бұл инвестициялық кірістің белгіленбеген шама екендігінің дәлелі, ол қаржы құралдарының құнына және жалпы қаржы нарығындағы жағдайға тәуелді.   

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының, алушы зейнетақы төлемдеріне құқықты алған кездегі инфляция деңгейiн ескере отырып, жарналардың нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына мемлекеттік кепiлдiк көзделген. Зейнетақы жинақтарының мөлшері жарналар сомасы, олардың түсу тұрақтылығы мен инвестициялық табысқа байланысты.

Міне, осындай қарапайым экономика мен математика, оны түсінген әрбір салымшы өз жинағының қалай ұлғаятынын, онымен не болып жатқанын және төлемдердің мақсатқа сай дұрыс жүзеге асырылуын еш қиындықсыз бақылай алады.

Бүгінгі күннің сандық көрсеткіштерімен, айлар мен жылдар бойынша жеке-жеке, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі ақпаратпен, сондай-ақ қаржы құралдары бөлінісіндегі инвестициялық портфельдің құрылымы туралы деректермен Сіз ай сайын Қордың сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Инвестициялық қызмет» бөлімінде төмендегі шағын бөлімдерден таныса аласыз:

-«Инвестициялық қызметке шолу» https://www.enpf.kz/ru/indicators/invest/review.php

-  «Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі құрылымы»

https://www.enpf.kz/ru/indicators/invest/structure.php

 


Вернуться назад

Адрес

г. Темиртау, Бульвар
Независимости, 12

Телефон

+7 (7213) 92-33-24